Биыл Ақтөбе облысының әлеуметтік саласына 111,8 млрд.теңге бөлінді

Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз маслихатында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рузия Айдашева мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың дағдарыстық шараларды уақытында қабылдауының арқасында өткен жылы облыстың экономикасы барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша жақсы нәтижелер көрсеткен.
2016 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 202,7 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде, облыстың өндеу өнеркәсібі Республика бойынша бірінші орынға шықты.
- Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 184,8 млрд. теңгемен республика боынша 3-ші орында шықты. Инвестициялар көлемі 373,7 млрд. Теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 136,3 млрд. теңгеге шығып отыр. Қаржыландырудың барлық көздерінен 616,6 мың ш.м тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2015 жылдың деңгейімен салыстырғанда 115,0 % көрсетіп отыр. Ал ШОБ қызмет ететін субъектілердің саны 50,8 мың бірлікті құрап, ел бойынша облыс 2-ші орынға шықты, - атап өтті басқарма басшысы.
2016 жылы МЖӘ (мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) аясында 7 жоба бойынша келісімшарттар жасалды, 2017 жылы қосымша МЖӘ-тің 12 жобасын іске асыру жоспарланған. Алдағы уақытта облыстың әр ауданында МЖӘ-тің кемінде 2-3 жобасын іске асыру жоспарланып отыр.
Әлеуметтік салаға биыл 111,8 млрд. теңге қарастырылған, оның ішінде білім беруге 67,2 млрд. теңге, денсаулық сақтауға 28,6 млрд. теңге бөлінеді.
2016 жылы Ұлттық қордың қаражаттары есебінен Ақтөбе қаласының «Нұр Ақтөбе» ауданында 1200 орындық, Заречный-3 ауылында 600 орындық, Кірпішті ауылында 320 орындық 3 мектептің және Ақтөбе қаласының Қарғалы ауылында және Батыс-2 мөлтек ауданында әрқайсысы 320 орындық 2 балабақшаның құрылысы аяқталды.
Жергілікті бюджет есебінен әрқайсысы 100 орындық Қарғалы ауданының Әлімбет ауылында, Алға ауданының Қарақұдық ауылында, Мәртөк ауданының Аққайын ауылында 3 мектептің құрылысы аяқталды.
«Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016 жылы инвестиция көлемі 18,0 млрд. теңгеге 65 жоба жүзеге асырылуда. Оның 17,9 млрд. теңгесі немесе 99,2% игерілді.