Мәншүк Балмағамбетова: «Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет»

Әйел адамның бақытты болуы өз қолында. Білім алу, карьера жасау, жар сүю, ана болу...Ол үшін армандай білу, мақсаттар қоя білу керек. Жоспар құру керек. Отыз жылға жуық уақытын мемлекеттік қызметке, оның ішінде бюджеттік салаға арнаған Мәншүк Балмағамбетовамен әңгімеміз жұмыс, отбасы төңірегінде өрбіді.Еңбек жолын кейіпкеріміз Мұғалжар ауданында қаржы бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. Осында жеті жылдай еңбек етеді, қызметтік сатымен де жоғарылай түседі. Аудан жабылып, жас маман Мәртөк ауданына жолдамамен жіберіледі. Жаңа жұмыс орнында Мәншүк Балмағамбетова аудандық қаржы бөлімі бастығының орынбасары, араға екі жыл салып, бөлім басшысы болады.Бала Мәншүк заңгер болуды армандапты. Алайда әкесі Алматыны алыс деп, оны жібермесе керек. Жақын жерден Орал қаласына Ауыл шаруашылығы институтына құжаттарын тапсырады. Кейін қызметте жүріп, заңгерлікті сырттай оқып алады.«Білім алудың артықтығы жоқ. Құқықтық тұрғыда да білікті болған дұрыс. Қызметте пайдасы болмаса, зияны жоқ», - дейді кейіпкеріміз.Мәншүк Балмағамбетованың пайымынша, мамандық таңдағанда баланың қабілетін де ескеру керек. Бірінің ойлау қабілеті жақсы болуы мүмкін, екіншісі басқа қырынан мықты шығар.«Мысалы, біздің салада аналитикалық қабілет қажет. Саралау, сараптама жасау, болжау, жоспарлай білу керек», - дейді қаржы саласының қызметкері.Бүгінде ол облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасында бөлім басшысы.«Менің негізгі жұмысым бюджетті жоспарлауға қатысты. Түрлі құрылымдардан ұсыныстар келіп түседі. Оның қаншалықты мақсатты екенін саралаймыз. Мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарының бюджетін жоспарлаймыз. О баста Мұғалжар ауданында жетекші маман болып бастаған соң, өз саламды терең меңгердім деп айта аламын. Құрылымын әбден білу керек», - дейді ол.Мемлекеттік қызметкердің пайымынша, әркім өз мамандығын жақсы көруі керек."Отыз жылға уақытта осы салада еңбек етіп келемін. Өз басым таңдаған мамандығыма өкінбеймін. Маман өзінің жұмысының мәнін, мағынасын түсіне білуі керек. Сонда ғана еңбек өнімділігіне қол жеткізе алады.Осы еңбегім бағаланып үш мемлекеттік наградаға ие болдым. Мемлекеттік қызметтің беделі бүгінде артып келеді", - дейді бөлім басшысы. Мәншүк Балмағамбетова отбасы бюджетін де жоспарлау керектігін жасырмайды. Дегенмен, өзгелердің бюджетін есептеуге араласуды дұрыс емес деп есептейді.«Тек таныстарым сұраса ғана ақыл-кеңес беруім мүмкін. Жалпы, кез келген отбасы өз бюджетін өзі қалыптастыруы керек. Жоспарлай білуі керек. Сұраныстары мен қажеттіліктерін өздері шешеді», - дейді ол.Мәншүк Балмағамбетова зиялылар отбасында дүниеге келген. Әкесі қаржыгер, агроном, анасы медицина саласында еңбек еткен. Екеуі де бүгінде зейнет демалысында.«Екі ұлым бар. Жолдасым өзімнің туған жерім Ембі қаласынан», - дейді бөлім басшысы.
Бекбол Құлдан, Ақтөбе