Ұлттық экономика вице-министрі Құсайынов статистика мәселелері бойынша пысықталған түзетулер ұсынды

Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов заң жобасы қызметінің мәселелері бойынша Ведомствоаралық комисссия отырысының барысында «Мемлекеттік статистика мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына Тұжырымдаманың пысықталған жобасын ұсынды.
Құсайынов ҚАЗСТАТ жобасы шеңберінде тартылған сарапшылардың қорытындысын алғаннан кейін, өткен жылы мақұлданған «Мемлекеттік статистика» Заңының түзетулер Тұжырымдамасына тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтты. Оның айтуынша, бұл Тұжырымдаманың атауы мен оның мазмұны бөлігін өзгертуге әкеп соқты.
«Пысықталған тұжырымдамада Заңның түсініктеме бөлігін кеңейту, атап айтқанда «бағаларды тіркеу», «халық санағы», «ауылшаруашылық санақ», «арнайы құрылған комиссия» ұғымдарын ашу, осы ретте «ұлттық санақ» ұғымының қолданыстағы редакциясын өзгерту ұсынылады» - деді Құсайынов.
Оның айтуынша, Заңда статистикалық жұмыстар жоспарын (СЖЖ) бекіту мерзімі айқындалмағандықтан, оны бекіту мерзімін белгілеу ұсынылады.
«Сонымен қатар, Заңда тікелей құзыреттері болмағандықтан, ұлттық санақты жүргізудің іс-шаралар жоспарын бекіту бойынша ҚР Үкіметінің құзыретін бекіту ұсынылады» - деп хабарлады Құсайынов.
Уәкілетті органға үй шаруашылықтарынан олардың кірістері мен шығыстары туралы қажетті бастапқы статистикалық деректерді өтеулі немесе өтеусіз негізде алу тәртібін бекіту, респонденттермен ерікті негізінде статистикалық нысандар мен нұсқаулықтар жобаларынының тестілеуін жүргізу құзыреттерін бекіту ұсынылады.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі