Ұлттық экономика министрлігі бизнес беретін есептілікті қысқартады

Ұлттық экономика министрлігі бизнес тарапынан мемлекеттік органдарға ұсынылатын жөнсіз және қосарланған есептілікті анықтау және қысқарту бойынша заңнаманы кең ауқымды тексеруді жүргізеді.
«Бүгінде бизнес беретін есептіліктің 1200-ден аса түрі анықталды. Сонымен қатар сонау 2000-жылдардың басында енгізілген, ал мемлекеттік органдардың өзіне олардың қажет екендігі түсініксіз бірқатар есептіліктердің бар екендігі анықталды. Нәтижесінде бұлардың бәрі бизнеске ауыртпалық болып табылады», - деді ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Асланбек Жақыпов Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сарапшылық топтың отырысында.
Реформаландырудың қорытындысы олардың қолданылуын ретке келтіру, бизнес беретін есептіліктің қосарлануын болдырмау және соған сәйкес кәсіпкерлердің шығындарын қысқарту болуы тиіс.
Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдарға берілетін есептіліктің бірыңғай және мейлінше толық тізбесін құруды жоспарлап отыр. Ешбір мемлекеттік органның кәсіпкерден осы тізбеде қарастырылмаған қандай да бір ақпаратты немесе есептілікті сұратуға құқығы жоқ болмақ.
Содан кейін бекітілген тізбеге есептіліктің жаңа түрін кіргізу мәселесі міндетті түрде тек оның дәлелділігі және мақсаттылығын айқындайтын реттеушілік әсер ететін талдау рәсімдеулерінен өткеннен соң ғана жүзеге асырылады.
Сондай-ақ ҰЭМ өкілі кәсіпкерлер үшін жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымдылығын және өзектілігін ескере отырып, кәсіпкерлік әрекеттің барлық саласын жан-жақты және кеңінен қамту мақсатында бизнесті аталған үдеріске тарту қажеттігін атап көрсетті. Асланбек Жақыповтың айтуынша, қазіргі уақытта кез келген кәсіпкер негізсіз және ескірген есептіліктің қосарлануын болдырмау және оны қысқарту бойынша өзінің дәйекті ұсынысын Ұлттық экономика министрлігінің D.Mukusheva@economy.kz. электрондық мекен-жайына бере алады.